Сыналып жатқаныңызды ұмытпаңыз
Сыналып жатқаныңызды ұмытпаңыз

Қанша дегенмен жұмыр басты пендеміз ғой күнделікті өмірде әрбіріміз міндетті түрде адамдармен мінез қайшылығына түсіп жатамыз. Тіпті кейде мінезі салмақты, ешкімде шаруасы жоқ адамның өзін кейбір адамдар ұнатпай, онымен қақтығысып қалып жатады. Осындайда жалпы барлық адамға бірдей ұнау, баршаға бірдей жағу мүмкін бе деген сұрақ туындайды.

Бұл сұрақтың шешімін бізге Құранның мына бір аяты баяндайды: «Сендерді бір-бірлеріңе сынақ етіп (жараттық)» (Фурқан 20)

Демек, адам мен адамның мінез тұрғысынан үйлеспей қалуы, қарапайым тіршілікте бір-бірімен пікірлері қарама-қайшылыққа түсіп, келіспей қалуы табиғи жағдай. Былайша айтқанда сынақ. Бұл дүние сынақ алаңы. Мұнда әркім әртүрлі жағдайда сыналады. Біріміз басшы, біріміз қосшы болып, біріміз байлықпен, екіншіміз кедейлікпен сыналамыз.  

Пайғамбарымыздың қаласы Мадинада өмір сүрген Аус пен Хазраж деген екі тайпа арасында Ислам келгенге дейін қиян-кескі соғыс жүргені баршаға белгілі. Екі тайпа адамдары бірін-бірі ата жауындай көріп, қақтығысатын да жататын. Олардың осылайш жауласулары 120 жылға созылған. Бір қызығы бітпес даудың себебі Аус тайпасындағы бір адамның түйесі Хазраждық бір шаруаның бақшасына кіріп кетеді. Ашу қысқан шаруа әлгі түйенің иесін жер жастандырады. Аустықтар дүр сілкініп Хазраждық шаруаның өмірін қияды. Сөйтіп екі ел арасындағы жаулық Ислам келгенге дейін жалғаса береді. Өмірдің сынақ екендігі ұмытылған кезде осындай болмашы нәрселер үлкен дұшпандыққа себеп болып жатады.  

Керек десеңіз мұндай жағдайлар бақыт ғасыры саналған пайғамбар заманында да орын алған. Асылында ардақты сахабалар пайғамбарлардан кейінгі дәрежеде тұратын адамзаттың абзалдары саналады.

Бірде Әбу Бәкір (р.а.) мен Омар (р.а.) арасында аздаған келіспеушілік орын алады. Омар көңілге қаяу түсіретін бірер сөз айтып, үйіне кетіп қалады. Аз уақыттан соң екеуі де болған жайтқа қатты өкініп, бір-бірін іздей бастайды. Ақыры екеуі де болған жайды Аллаһ елшісіне айтуды жөн санайды. Расулалланың құзырына алдымен Әбу Бәкір барып: «Уа, Алланың елшісі! Омармен сөзге келіп қалдым. Бірақ, менікі жөн болмады, Омарды ренжітіп алдым», - деп қынжылады. Дәл осы кезде Омар да келіп қалды. Өңі қатты абыржулы еді. Ол да Алла елшісіне Әбу Бәкірдің көңілін қалдырғанын айтып, кеңес сұрай келген еді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мәселенің мән-жайына қаныққан соң, екеуін татуластырады. Іле күллі әлемге Әбу Бәкірдің қандай тұлға екендігін жариялап: «Досым Әбу Бәкірді ренжітуші болмаңдар. Алла атымен ант етейін, мені теріске шығарған кездеріңде Әбу Бәкір ғана иман келтірген еді. Бәрің де мені қуған кездеріңде ол маған есігін де, құшағын да айқара ашқан болатын...», - деген болатын.

Дәл осылай хазірет Омар жайлы да былай дейді: «Алла тағала хақты (ақиқатты) Омардың тіліне және жүрегіне салған. Көктегі күн Омардан қайырлы ешкімге шуағын төккен емес».

Жоғарыдағы аяттан шығатын мағына адам адаммен сыналады. Яғни жақсы да, жаман да сыналады. Маңыздысы сынақтан кімнің қалай өтуі. Әбу Бәкір мен Омар сынақтан керемет үлгіде өтті. Сонысымен бізге өшпес үлгі қалдырды. Қандай да бір адаммен кездесе қалған сәттен бастап «мен онымен сыналып жатырмын, ол менімен сыналып жатыр» деп есептеп әрекет қылсақ сынақтан сүрінбейміз деп ойлаймын. 

Нұрбол СейілбекНұрбол Сейілбек
10 жыл бұрын 5953
4 пікір
Блог туралы